Freedom Inside '26

Спорттық бағдарламалау енді қазақ тілінде: Федерация тегін білім беру платформасын ұсынды

Спорттық бағдарламалау енді қазақ тілінде: Федерация тегін білім беру платформасын ұсынды
ұйымдастырушылардан

Спорттық бағдарламалауды үйренгісі келетіндер үшін сапалы білім беру контентінің басым бөлігі әлі де ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылады. Бұл әсіресе IT саласын қазақ тілінде меңгергісі келетін оқушылар мен студенттер үшін қосымша кедергі тудырады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы осы бағытта жаңа білім беру платформасын іске қосты. CPFED платформасында спорттық бағдарламалау бойынша қазақ тіліндегі тегін оқу курстары қолжетімді. Оған кез келген адам тіркеле алады: тұрғылықты жері, дайындық деңгейі немесе олимпиадаларға қатысу тәжірибесі маңызды емес.

Платформада бейнесабақтар, теориялық материалдар және практикалық тапсырмалар бар. Оқушылар алған білімін бірден тәжірибеде қолданып, есеп шығару жолдарын талдайды, шешімнің логикасын түсінеді, базалық алгоритмдерді меңгереді және спорттық бағдарламалау олимпиадаларына дайындала алады.

Курстар мектеп оқушыларына, студенттерге, оқытушыларға және бағдарламалауды қазақ тілінде үйренгісі келетін барлық азаматтарға арналған. Онлайн формат өңірлердегі балалар мен жастар үшін де мүмкіндік ашады. Әсіресе IT үйірмелері, жаттықтырушылар немесе арнайы білім беру бағдарламалары жеткіліксіз шадғай елді мекендерде мұндай ресурстың маңызы жоғары.

Спорттық бағдарламалау оқушыға код жазуды ғана үйретпейді. Бұл бағыт есептің шартын дұрыс түсінуге, тиімді шешім табуға, жүйелі және алгоритмдік ойлауға, шектеулі уақыт ішінде нақты нәтиже шығаруға дағдыландырады. Мұндай қабілеттер математика, информатика, инженерия, деректерді талдау және жасанды интеллект сияқты салаларды меңгеруге де көмектеседі.

Қазақ тіліндегі курстарды іске қосу - Федерацияның Қазақстанда спорттық бағдарламалауды дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі. Жобаның мақсаты - оқушыларды жарыстарға дайындап қана қоймай, бағдарламалауға қызығатын әр балаға алғашқы қадамын өзіне түсінікті тілде бастауға жағдай жасау.

«Мектеп оқушыларының бағдарламалауға қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Бірақ көп жағдайда тіл мәселесі баланың оқуды еркін бастауына әсер етеді. Егер оқушы IT бағытында дамығысы келсе, оның қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан біз спорттық бағдарламалауды қазақ тілінде үйренуге арналған платформаны іске қостық. Бұл - өңірлердегі таланттарды қолдауға және заманауи технологиялық дағдыларды кеңінен дамытуға қосқан үлесіміз», - деді Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров.