Қарағанды облысының Балқаш қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз айналымға кеткен қару-жарақтың жасырылған орны анықталды. Қару иесіз қалған құс фабрикасының аумағында жасырылған, деп хабарлайды ult.kz.
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №31 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың бірі құқық қорғау органдарына ықтимал жасырын орын туралы ақпарат берген.
Алынған мәліметті жедел уәкілдер тексеріп, іздестіру жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Арнайы операция прокуратураның қадағалауымен жүргізілген.
Ведомствоның мәліметінше, 27 маусым күні Балқаш қаласындағы Таранғалық кентіне кіреберісте орналасқан иесіз қалған құс фабрикасының аумағын тексеру кезінде мұқият жасырылған орын табылған. Оның ішінен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар тізімінде болған төрт атыс қаруы шыққан.
Құқық қорғау органдары Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз айналымға кеткен қару-жарақты іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Табылған қарулар қылмыстық мақсатта қолданылуының алдын алу үшін тәркіленеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Сайран көлінің жағасынан да Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ табылған болатын. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 900-ден астам қару тәркіленген. Оның 74-і 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар санатына жатады. Сонымен қатар, төрт мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген.