Жолдаудағы басымдықтарды іске асыру үшін не қажет? Астанада сарапшылар бас қосты

Жолдаудағы басымдықтарды іске асыру үшін не қажет? Астанада сарапшылар бас қосты

Астанадағы «Taldau AI Analytics» аналитикалық орталығында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен академиялық қауымдастық мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар ел дамуының басым бағыттарын, өзекті экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлерді, сондай-ақ Қазақстанның жаңа тарихи кезеңінің негізгі міндеттерін талқылады.

Дөңгелек үстел аясында мемлекет және қоғам қайраткері, «Taldau AI Analytics» аналитикалық орталығы Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтарды іске асырудың негізгі мәселелеріне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы Қазақстан дамуының жаңа тарихи кезеңіне арналған стратегиялық бағдарларды айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалар, жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы елдің одан әрі дамуына берік институционалдық негіз қалады. Ендігі басты міндет – осы өзгерістерді әрбір азаматтың өмірінен нақты көрініс табатын нәтижелермен толықтыру.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы – стратегиялық маңызы зор құжат. Алдағы кезеңде Taldau сарапшылар қауымдастығының мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекеттік саясатты сараптамалық тұрғыдан пысықтауға және Мемлекет басшысы айқындаған жаңғырту күн тәртібін іске асырудың барынша тиімді тәсілдерін әзірлеуге белсенді атсалысуы маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

 Атап айтқанда, ол цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді, сондай-ақ жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың табысын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейтін «Халықтық цифрлық экономика» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар инфрақұрылымды кешенді дамыту мен жаңғыртуға, атап айтқанда, жол салу және жөндеу, инженерлік желілерді, әлеуметтік және өзге де нысандарды жаңартуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына ерекше назар аударды.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырумен қатар, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, оның ішінде қоғамдық бақылау тетіктерін кеңінен қолдану айрықша маңызға ие.

Сөз соңында Мәулен Әшімбаев Жолдауда айқындалған басымдықтарды тиімді іске асыру мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырып, ортақ
іс-қимылын үйлестіруді талап ететінін атап өтті.

Талқылауға сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев, экономистер Руслан Сұлтанов пен Асқар Қысықов, саясаттанушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина, қаржыгер Расул Рысмамбетов, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Елдос Абақанов қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға және кәсіби диалогты одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.