Жылқышы Рахат Сәрсеновтің басындағы дау мұнымен аяқталмаған. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Есенов өзін және жұбайын нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қоюға мәжбүрлеген, деп хабарлайды ult.kz.
Ерлі-зайыптының сөзінше, нотариаттық құжат орыс тілінде рәсімделген. Сол себепті олар нақты қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбегендерін айтады.
Рахат Сәрсеновтің мәлімдеуінше, бұған дейін Тәжіғали Есенов одан 60 бас жылқының есебі толық емес екенін айтып, 10 миллион теңге талап еткен. Оның сөзінше, бұрынғы жұмыс берушісі: «60 бас жылқының есебі түгел емес. Соның өтемі ретінде 10 миллион теңге қарызсың. Әйтпесе үйіңді аламын», – деген.
Қазіргі уақытта Рахат Сәрсенов тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупіне тап болған. Себебі аталған дау бойынша сот шешімі шығып қойған.
Ал заңгер Бағдат Амандосұлы нотариаттық құжаттың заңдылығына күмән келтіретінін айтып, оны жарамсыз деп тану үшін құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті арыздарды әзірлеп жатқанын мәлімдеді.