Солтүстік Кипрдің Никосия қаласында 22 жастағы Қазақстан азаматына жасалған пышақ шабуылы қоғамның алаңдаушылығын туғызды. Оқиға 3 тамыз күні жергілікті уақытпен сағат 11:45 шамасында Metropol Market супермаркетінде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз ер адам қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Шабуылдан кейін күдікті сол пышақпен өзін де жаралаған. Екеуі де жедел түрде доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз, полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Солтүстік Кипрдің жергілікті БАҚ-тарының хабарлауынша, шабуыл жасаған адам зардап шеккен қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты ресми түрде әлі растаған жоқ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, зардап шеккен қазақстандықтың есімі – Жәнерке Әбдіразақова. Ол 22 жаста. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты мән-жайды анықтап жатқанын мәлімдеді. Ведомство тексеру аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат беретінін хабарлады.