Қазақстанның құқық қорғау органдары синтетикалық есірткі өндірісі мен сатудан түскен 1,8 миллиард теңгеден астам заңсыз кірісті заңдастырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, экстрадиция Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері және Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Күдікті аса ірі көлемде психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан және қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде жауапқа тартылып отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастыруға қатысқан. Дайындалған психотроптық заттар кейін Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында жасырын түрде таратылған.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық мефедрон тәркіленді.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, қылмыстық топ заңсыз қызметтен 1,8 миллиард теңгеден астам табыс тапқан. Бұл қаражат түрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы заңдастырылып, 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдары сатып алынған. Аталған активтерге мемлекет пайдасына тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесіне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Ал күдіктінің өзі және топтың өзге мүшелері халықаралық іздеуге жарияланған болатын.
Биылғы қаңтарда күдікті Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Заң бойынша, өзіне тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, оның мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.