СІМ соғыс аймағында жүрген қазақстандықтарды елге қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр

СІМ соғыс аймағында жүрген қазақстандықтарды елге қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр
ашық дереккөз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген қазақстандық азаматтарды елге қайтару мәселесін бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы ведомство мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін БАҚ-та Қазақстан азаматтарының Отанына оралуға жәрдемдесуді сұраған өтініштері тараған.

СІМ шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау министрліктің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Ведомство соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан қазақстандықтарды қайтару бойынша тәжірибесі бар екенін айтты. Осыған байланысты азаматтар туралы нақты ақпаратты БАҚ арқылы емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызы зор.

Қазір бірқатар отбасы СІМ-ге көмек сұрап жүгінген. Соғыс жүріп жатқан аймақтағы қазақстандықтардың туыстары үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істеп тұр.

СІМ азаматтарды анықтау және құқықтық қорғау үшін олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және жасасқан еңбек шартының талаптары туралы толық ақпарат қажет екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Қазақстан азаматтарын елге қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу үшін министрлік Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр.

Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті. Ал жақын арада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді.

СІМ жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы мен нәтижелері туралы қосымша ақпарат беретінін хабарлады.