Шымкенттік 20 жастағы жігіт Ресейге жұмыс істеуге барып, соғысқа аттандырылуы мүмкін екенін айтып, анасынан көмек сұраған, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, Айнабек Келдібек Ресейге 27 тамызда барған. Оның айтуынша, оған жоғары жалақысы бар күзетшілік жұмыс ұсынылған. Жататын жері мен тамағы да тегін болатыны айтылған.
Айнабек орыс тілін толық түсінбеген. Ресейге барған соң оған мектеп пен балабақшада күзетші болып жұмыс істеу үшін құжаттарға қол қою керектігі айтылған. Алайда кейін оның соғысқа жіберілетіні белгілі болған.
Жігіттің айтуынша, оған құжаттарға қол қоймаса, 15 жылға сотталатыны айтылып, қысым көрсетілген.
«Біз алданып, қол қойдық. Содан кейін: "Сендер енді соғысқа кетесіңдер. Не соғысқа барасыңдар, болмаса 15 жылға сотталасыңдар" деді. Қорыққанымыздан амал жоқ келіп қалдық. Енді қайтатын жол іздеп жатырмыз», – деді Айнабек Келдібек.
Жігіт қазір полигонда екенін айтып, жақын күндері қарулы қақтығыс аймағына жіберілуі мүмкін екенін жеткізген. Оның қасында тағы 10-ға жуық қазақстандық бар көрінеді.
Айнабектің анасы Перизат Елеусізованың айтуынша, ұлы күн сайын хабарласып, елге қайтуға көмектесуді сұрайды.
«"Құтқарыңызшы, анашым" деп жылайды. Балам қазір полигонда отыр екен», – деді ол.
Айнабектің туыстары осыған байланысты құзырлы органдарға жүгінген. ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданғанын мәлімдеді.
«Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз», – деді министрлік.
Заңгерлер мұндай жағдайдың алғашқы рет болып отырмағанын айтады. Олар шетелге жұмысқа барар алдында ұсыныстың заңдылығын тексеріп, ең алдымен еңбек келісімшартының талаптарына назар аударуға шақырады.
Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, шетелге жұмысқа кеткен азаматтардың туыстары осындай жағдайларға байланысты жиі хабарласады.
Бейресми мәлімет бойынша, Ресейде жұмыс істеуге барған 2,4 мыңнан астам қазақстандықтың соғысқа тартылғаны туралы ақпарат бар. Бұл дерек ресми түрде расталмаған.
Мамандар азаматтарды шетелде жоғары жалақы мен жеңіл жұмыс ұсынатын делдалдардың сөзіне бірден сенбей, еңбек шартын мұқият тексеруге шақырады.