Щучинск қаласында әйел сүйіктісінің қолынан қаза тапты

Щучинск қаласында әйел сүйіктісінің қолынан қаза тапты
Фото: gov.kz

9 маусымда Щучинск қаласында болған қайғылы оқиға қоғамның назарын аударды. Екі баланың анасы Әсем Шабельская ауыр дене жарақатынан көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп болғанын айтып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Orda.kz басылымына сұхбат берген марқұмның әпкесі Бақыттың айтуынша, Әсем бұрыннан бірге жүрген азаматынан қысым көрген. Оның сөзінше, өткен жылы ер адам әйелге балғамен шабуыл жасаған. Осыдан кейін Әсем одан қашып, байланыс нөмірін де өзгерткен. Алайда күдікті уақыт өте келе кешірім сұрап, өзгергенін айтып, қайтадан оның сеніміне кірген.

Туыстарының мәліметінше, 8 маусым күні Әсем балаларына жақын арада үйге оралатынын айтып, әлгі азаматтың пәтеріне барған. Сол түні ол қатты соққыға жығылып, ауыр жараланған. Әпкесі күдікті әйел ес-түссіз жатқан кезде бірден жедел жәрдем шақырмағанын, керісінше пәтердегі қан іздерін жуып, болған оқиғаны жасыруға тырысқанын айтады. Ал дәрігерлер келгенде әйелдің құлап қалғанын айтып түсіндірмек болған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның бірнеше қабырғасы сынған, ал бауыры екі жерден жарылған. Алған жарақаттарының салдарынан Әсем ауруханада қайтыс болды. Артында екі баласы қалды. Марқұмның жақындары күдіктінің жасаған ісіне өкінбейтінін айтып, істі «Адам өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды талап етуде.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, жанжал кезінде ер адам әйелге ауыр дене жарақатын келтіріп, соның салдарынан жәбірленуші көз жұмған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.