Астанада Чехияға жұмысқа орналастыруға уәде беріп, азаматтарды алдаған деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, күдікті шетелде жоғары жалақылы жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, азаматтардың сеніміне кірген. Ол кемінде алты адамнан түрлі көлемде ақша алып, кейін уәде еткен қызметін көрсетпей, байланысқа шықпай қойған.
Полицияның мәліметінше, күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі шамамен 800 мың теңгені құрайды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты полиция азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Құқық қорғау органдары мұндай қызмет ұсынатын ұйымдардың лицензиясы мен заңды қызметін алдын ала тексеруге, келісімшарт талаптарымен мұқият танысуға және оның заңдылығына толық көз жеткізбей тұрып ақша аудармауға кеңес береді.
Егер алаяқтық белгілері байқалса немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда да шетелге жұмысқа орналастыру қызметіне қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған болатын.