Шетел азаматтығын алғанын жасырғандар жазаланды

Шетел азаматтығын алғанын жасырғандар жазаланды
ашық дереккөз

Павлодар облысында Қазақстан азаматтығы туралы заңнаманы бұзған 27 адам анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметінің мәліметінше, Қазақстан заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Егер ҚР азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алса, Қазақстан азаматтығы белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

Жыл басынан бері облыста 398 адам Қазақстан азаматтығынан айырылған. Көші-қон заңнамасын бұзған 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның жетеуі елден шығарылған.

Полиция мәліметінше, анықталғандардың бірі шетел азаматтығын 2015 жылы алғанына қарамастан, бұл туралы уәкілетті органдарға хабарламаған. Тағы бір азамат шетел азаматтығын алғаннан кейін Қазақстан шекарасынан ҚР паспортымен өткен.

Қос азаматтыққа қатысты талаптарды бұзғандарға 432 250 теңге айыппұл салынуы немесе елден шығарылуы мүмкін.

Ал Қазақстан азаматтығын жоғалтқаннан кейін ҚР құжаттарын пайдаланғандар үшін 200 АЕК, яғни 865 мың теңге айыппұл қарастырылған.