Шерхан Аймаханның адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Ол үкімнің кейбір тұстарымен келіспеймін, дейді. Үкімді алған соң зерттеп, шағым түсіреді екен. Адвокат үкіммен ішінара келіспейді.
Айта кетейік, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерхан Аймаханды үш бап бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, ол некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг, яғни адамды қудалау және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша сотталды.
Сот Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеледі.
Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Тергеу материалдарына сәйкес, Аймахан бұған дейін қызды өз еркінен тыс алып кетіп, кейін оны аңдыған. Кейін Нұрайға пышақпен шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен. Іс материалдарында оған 35 пышақ жарақаты салынғаны көрсетілген.
Сот барысында Шерхан Аймахан өз кінәсін толық мойындамады. Ол қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтып, оқиғаның кейбір тұстары есінде жоқ екенін мәлімдеген.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы да соттан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурордың айтуынша, сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған.
Нұрайдың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның қазасына дейінгі жағдайларға қатысты құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінгенін айтып, істің тергелуіне байланысты сұрақтар көтерген еді. Сонымен қатар бұл оқиға Қазақстанда сталкинг пен некеге мәжбүрлеу мәселесіне қоғам назарын аударды.