Семейлік ерлі-зайыптының 15 жыл күткен перзенттері дүниеге келді (ВИДЕО)

Семейлік ерлі-зайыптының 15 жыл күткен перзенттері дүниеге келді (ВИДЕО)
Фото: Видеодан кадр

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті тебіренткен қуанышты жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, Семей қаласының тұрғындары Медет пен Дария 15 жыл бойы перзент сүюді армандап, ақыры ата-ана атанды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұзақ күткен қуаныштың нәтижесінде отбасы Арман мен Аңсар есімді егіз ұлды болды. Бұл жаңалыққа қуанған тележүргізуші сәбилерге ақ тілегін арнап, олардың бауы берік болуын тіледі.

Ләйлә Сұлтанқызының сөзінше, ерлі-зайыптылар экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) бағдарламасын толықтай қайырымдылық қаражатының көмегімен өткен. Ол мұндай игі іске әдетте кәсіпкерлер мен жомарт жандар қолдау білдіретінін айтты.

Алайда бұл жолы ерекше жағдай орын алған. Тележүргізушінің айтуынша, Медет пен Дарияның ЭКО бағдарламасының барлық шығынын қарапайым халықтың қолдауы арқасында жабуға мүмкіндік туған.

«Көп жағдайда пациенттерімізге кәсіпкерлер мен ниетті азаматтар демеушілік көрсететін. Ал бұл отбасының ЭКО бағдарламасын толық көтерген – сіздер, халық», – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.