Сәуір айында Семейде 51 жастағы ер адам қызғаныштан мас күйінде бұрынғы әйеліне шабуыл жасаған. Оқиға әйел балаларымен бірге тұрған үйдің ауласында болған. Ер адам әйелді ағаш таяқпен 27 рет ұрған. Алған ауыр жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz Қриминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап.
Қаза болған әйелдің туыстары ер адамның оны жылдар бойы қорлап келгенін, ал ажырасқаннан кейін де қызғаныш танытып, жанжал шығара бергенін айтқан. Анасыз екі кәмелетке толмаған бала қалды.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ер адамнан марқұмның ағасына моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарылды.
Марқұмның туыстары сот үкімімен келісетіндерін мәлімдеді. Енді отбасы балалардың қамқорлығына қатысты мәселелермен айналыспақ.