Freedom Inside '26

«Семей орманының» аумағында заңсыз қазба өндіріліп, мемлекетке 228 млн теңгеден астам залал келтірілген

«Семей орманының» аумағында заңсыз қазба өндіріліп, мемлекетке 228 млн теңгеден астам залал келтірілген
ашық дереккөз

Абай облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналатын «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жерінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру дерегі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Абай облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, заң бұзушылық «Семей орманы» МОТР ММ-нің Тау-Дала филиалына қарасты Үлкен-Бөкен орманшылығы аумағында тіркелген.

Прокурорлық тексеру барысында белгісіз тұлғалардың мемлекеттік орман қоры жерінде заңсыз қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі болған. Соның салдарынан топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жасыл желектер жойылған.

Орманшылықтың есебіне сәйкес, табиғатқа келтірілген залал көлемі 228 миллион теңгеден асқан.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы 3-бөлігі 3) тармағы бойынша, яғни жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Прокуратура өкілдері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз шаруашылық қызмет жүргізу мен жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Ведомствоның хабарлауынша, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау жалғасады және қоршаған ортаға келтірілген әрбір залал фактісіне құқықтық баға беріліп, шығынды толық өндіру шаралары қабылданады.