Жетісу облысында уран концентратын Қазақстаннан заңсыз шығаруға әрекет жасаған алты адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, сотталушылар ядролық материалдармен заңсыз айналысып, уран концентратын Қытайға өткізуді көздеген. Олар ұйымдасқан түрде әрекет етіп, радиоактивті заттарды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және мемлекеттік шекара арқылы алып өтудің схемасын құрған.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық жоспар бірнеше кезеңнен тұрған. Алдымен уран концентраты өндірістік кәсіпорын аумағынан жасырын шығарылған. Кейін ол әртүрлі адамдар арқылы тасымалданып, шекарадан өткізілмек болған.
Алайда «Нұр Жолы» өткізу бекетінде жүргізілген шекаралық бақылау кезінде күдікті жүк анықталды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың уран концентраты екені және оның радиоактивтілік деңгейі белгіленген нормадан бірнеше есе жоғары болғаны белгілі болды.
Сот шешімімен үш айыпталушы 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тағы екі адам 2 жыл 6 айға сотталса, бір сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Барлығы жазаларын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады.