Ақтөбе қалалық соты терроризмді насихаттады деген айып тағылған Асылбек Нысановқа қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі («Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, Асылбек Нысанов Сауд Арабиясына қоныс аударғаннан кейін бірнеше адамға терроризмді насихаттайтын материалдарды жіберген. Сот барысында ол кінәсін толық мойындап, әлеуметтік желіде тек дайын мәтіндерді бөліскенін мәлімдеді. Сондай-ақ процестік келісім жасау туралы өтінішхат берген.
Алайда прокуратура бұл өтінішті қолдамағандықтан, сот оны қанағаттандырмады.
Сот үкіміне сәйкес, Нысанов 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
Еске салайық, сотталушы биыл Сауд Арабиясынан Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Ал оған қатысты қылмыстық іс шамамен жеті жыл бұрын қозғалған.