Қызылордада 70 жастағы әйелдің үйін 19 млн теңгеге сату туралы мәміле сот шешімімен жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды ult.kz.
Әйел үйін сатуға ниеті болмағанын, ұлының қарызын өтеу үшін баспанасын кепілге қойдым деп ойлағанын айтқан. Жасы ұлғайып, көру және есту қабілеті нашарлағандықтан, нотариуста қандай құжатқа қол қойғанын дұрыс түсінбеген.
Үш жарым жылдан астам уақыт бойы ол үйінде тұрып, коммуналдық төлемдерді өзі төлеген. Ал үйді «сатып алған» адам бұл уақыт ішінде баспананы пайдаланбаған.
Сот 19 млн теңгенің шын мәнінде әйелдің ұлына берілген қарыз болғанын анықтады. Мәміле осы қарызды қамтамасыз ету үшін жасалған.
Сот сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, қарт әйелдің үйге деген құқығын қалпына келтірді. Апелляциялық және кассациялық сатылар бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.