Алматыда бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлының активтерімен байланыстырылған DoubleTree by Hilton қонақүй кешені сатылымға шығарылды. Нысанның бастапқы бағасы — 12,76 миллиард теңге, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұсынған лот бойынша аукцион 25 қыркүйекте өтеді. Сауда бағаны көтеру әдісімен жүргізіледі. Бір ғана қатысушы болған жағдайда да нысанды сатуға рұқсат етілген.
Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан қонақүйдің жалпы ауданы 16 196,4 шаршы метр. Нысан 0,2581 гектар жер телімінде орналасқан, алайда жер учаскесі жекешелендіру нысанының құрамына кірмейді.
Қонақүй ғимараты 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлынан сыйға тарту шарты арқылы мемлекет меншігіне өткен. Алайда сол кезде нысанды «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС иеленіп отырған. Мемлекеттік мүлік департаменті компанияның ғимаратты иеленуіне заңды негіз болмағанын мәлімдеген.
2024 жылы сот департаменттің қонақүйді босату туралы талабын қанағаттандырды.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қонақүйді «күшпен тартып алу» әрекеті жүріп жатқанын айтып, Бас прокуратураға сауал жолдаған. Ол нысанның бағасы төмендетілуі мүмкін екенін де мәлімдеген. Депутаттың айтуынша, нарықтық құны шамамен 12 миллиард теңге болатын қонақүй 4,5 миллиард теңгеге бағаланған.
Ал Антикор бұған дейін қонақүйдің 6,49 миллиард теңгеге бағаланғанын хабарлаған.
Қазір мемлекет нысанды 12,76 миллиард теңгеге бастапқы бағамен сатылымға шығарып отыр.
Қонақүй Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қайтарған, жалпы құны 732,8 миллиард теңгеден асатын активтердің қатарында болған.