Алматыда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev University) проректоры Ержан Күлдеев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Kazachkov offside мәлімет таратты. Журналистің жазуынша, Ержан Күлдеев 7 қыркүйекте қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Оның әрекеті алдын ала пара беру бабы бойынша сараланған.
Істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеп жатыр. Тергеу барысында қылмыстық істің өзге де баптармен толықтырылуы мүмкін екені айтылды.
Ержан Күлдеев – Satbayev University-дің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі. Университеттің ресми мәліметінше, ол техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик және әл-Фараби атындағы Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Биыл сәуірде ғылым саласындағы жетістіктері мен жоғары білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Күлдеевтің университеттегі еңбек жолы 1995 жылы оқытушы қызметінен басталған. Кейін кафедра меңгерушісі, проректор және басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.