Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес жаңа кезеңге өтті. Енді басты міндет – заңсыз заттарды тәркілеумен ғана шектелмей, қылмыстық желілерді қаржыландыру көздерін анықтау, интернет арқылы таралуына тосқауыл қою және жастарды қауіпті ортадан қорғау. Бұл бағыттағы жұмыс 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылуда.
Есірткі бизнесі – бір ғана құқық бұзушылық емес, қоғамның қауіпсіздігіне, халық денсаулығына және елдің әлеуметтік тұрақтылығына қатер төндіретін күрделі құбылыс. Оның салдары жеке адамның өмірімен шектелмейді. Заңсыз айналымның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар, көлеңкелі қаржы ағындары, интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттер және жастарды қылмыстық ортаға тарту қаупі тұр.
Қазақстанда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйелі сипат алып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі – 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың бекітілуі.
Қазіргі кезеңде есірткі бизнесінің қоғамға төндіретін қатерінің бірі – оның интернет кеңістігіне бейімделуі. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі заңсыз жарнама, күмәнді ұсыныстар және оңай табысқа қызықтыру әрекеттері жастар үшін қосымша қауіп тудырады.
ІІМ-нің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, жыл басынан бергі сегіз айда есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 74 қылмыстық іс қозғалған.
Ведомство мұндай жарнамалардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ғана емес, қоғамдық орындардағы жазулар мен өзге де жарнамалық материалдар арқылы таралатынын атап өтеді. Әсіресе жастарды аз уақытта мол табыс табуға уәде беру арқылы заңсыз әрекеттерге тарту мәселесі алаңдатады.
Есірткі бизнесі цифрлық технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, тарату тәсілдерін өзгертіп жатыр. Бұрын заңсыз сауда көбіне көшеде жүргізілсе, қазір қылмыстық топтар мессенджерлер мен онлайн-платформалар арқылы әрекет етеді. Мұндай жағдайда есірткі қылмысының алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы болып қалмай, қоғамның да белсенді қатысуын талап етеді.
«Наркостоп» жобасының әлеуметтік инвесторы әрі PR-маманы Жанар Нұрсейітованың айтуынша, есірткі саудасының интернетке ауысуы заңсыз әрекеттерді анықтауды күрделендірген. Қылмыскерлер цифрлық арналарды пайдаланып, тауарды жылдам таратуға тырысады.
«Қазір есірткі саудасы бұрынғыдай көшеде ашық жүргізілмейді. Негізгі әрекет интернет арқылы жүзеге асатындықтан, оны анықтау да қиындай түсті», – дейді ол.
Маман бұл үрдістің халықаралық деңгейде де өзекті екенін атап өтті. Жоба өкілдері Венада өткен БҰҰ-ның Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының сессиясына қатысып, онда цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселелері талқыланған. Жиынға 80-нен астам елдің өкілдері қатысыпты.
Нұрсейітованың сөзінше, есірткі бизнесі қазір трансұлттық сипат алып, мессенджерлермен қатар цифрлық төлем жүйелері мен криптовалютаны да пайдалануда. Сондықтан заңсыз қаржы қозғалысын бақылау, жаңа технологияларды енгізу және мемлекетаралық ынтымақтастық маңызды.
«Бүгінде ешбір ел бұл қауіппен жалғыз күресе алмайды. Қоғамның қолдауы мен азаматтардың белсенділігі болмаса, мұндай жұмыстың нәтижесі де шектеулі болады», – деп санайды сарапшы.
Оның айтуынша, интернет арқылы жастарды қылмыстық әрекетке тартудың кең тараған тәсілдерінің бірі – оңай табыс табуға уәде беру. Күмәнді ұсыныстар мессенджерлер арқылы таралып, кейбір жастардың қылмыстық схемаға байқамай араласуына себеп болуы мүмкін.
Осы ретте цифрлық сауаттылықпен бірге интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет. Белгісіз сілтемелерге өтпеу, күмәнді жұмыс ұсыныстарын тексеру, заңсыз әрекетке итермелейтін хабарламаларды ажырата білу – әр пайдаланушыға қажетті дағдылар.
«Наркостоп» жобасы осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарды интернеттегі алаяқтық және қылмыстық схемалардан сақтандыратын бейнематериалдар әзірлеп келеді. Жобаның тағы бір бағыты – кибереріктілер қозғалысын дамыту.
«Киберерікті дегеніміз – интернеттен күмәнді әрекетті байқаса, оған бейжай қарамайтын қарапайым азамат. Ол ақпаратты тіркеп, тиісті орындарға жеткізеді. Бұл құқық бұзушылықты ертерек анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Жанар Нұрсейітова.
Маманның пікірінше, азаматтардан түскен хабарламалар құқық қорғау органдары үшін маңызды ақпарат көзі бола алады. Алайда кибереріктілердің міндеті – қылмыскерлерді өз бетінше іздеу немесе олармен байланыс орнату емес, күмәнді деректі қауіпсіз түрде тиісті органдарға жеткізу.
Осылайша, есірткі бизнесіне қарсы күресте қоғамның рөлі артып келеді. Цифрлық кеңістіктегі қауіпке тосқауыл қою үшін мемлекеттік органдардың технологиялық мүмкіндігі мен азаматтардың жауапкершілігі қатар қажет. Кибереріктілер қозғалысы осы екі бағыттың арасын жалғайтын қоғамдық тетікке айналып отыр.
Есірткі бизнесіне қарсы күрестің нәтижесі заңсыз айналымды тоқтатумен ғана өлшенбейді. Оның маңызды көрсеткіші – азаматтардың, әсіресе жастардың тәуелділікке ұрынбауы.
Сондықтан құқық қорғау шараларымен қатар, мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, психологиялық және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажет.