Сарапшылар: Қазақстан табысы жоғары елдер санатына жақындап қалды

Сарапшылар: Қазақстан табысы жоғары елдер санатына жақындап қалды
baq.kz

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасын әртараптандырудың нәтижелеріне баға берді. Сарапшылардың айтуынша, өңдеуші өнеркәсіптің дамуы ел экономикасын шын мәнінде тұрақты етіп, сыртқы шикізат нарығындағы құбылмалылыққа тәуелділікті азайтады.

Сарапшылардың пікірінше, өңдеуші өнеркәсіп бүгінде Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Үкімет елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

«Қуатты өнеркәсіп – "орташа табыс тұзағынан" шығудың басты кілті. Қазақстан табысы жоғары елдер санатына өту межесіне барынша жақындады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 13 740 АҚШ долларына жетті. Ал жоғары табысты елдер қатарына өту шегі – 14 375 доллар. ЕАДБ болжамынша, бұл межеден Қазақстан 2028–2029 жылдары өтеді. Ендігі басты міндет – экономиканың жоғары әрі тұрақты өсімін қамтамасыз ету», – деді Еуразиялық даму банкінің Салалық талдау орталығының басшысы Арман Ахунбаев.

Әлемдегі инновациялардың жартысы өңдеуші өнеркәсіпте шоғырланған. Сонымен қатар бұл саладағы бір жұмыс орны сабақтас салаларда тағы 2,2 жаңа жұмыс орнын құрады. Қазақстанның артықшылығы – өнеркәсіпті нөлден бастап қалыптастырудың қажеті жоқ. Ол үшін мұнайды, металды және астықты тек шикізат ретінде сатудан полимерлер, жабдықтар мен терең өңделген өнімдер шығаруға көшу жеткілікті. ЕАДБ бағалауынша, табиғи ресурстарды технологиялық капиталға айналдыру жыл сайын ел экономикасына қосымша 38,4 млрд АҚШ долларына дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан дәл осы бағытта дамып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,8 пайызға өсті. Өсімге ең үлкен үлесті машина жасау саласы қосты – өндіріс көлемі 23,2 пайызға артты. Химия өнеркәсібі 19 пайызға, азық-түлік өндірісі 14,7 пайызға өсті. Ал жеңіл өнеркәсіпте өсім бірден 89,2 пайызды құрады.

Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің негізін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрайды. Еуразиялық даму банкінің сарапшыларының айтуынша, нарықтағы бәсекені бұрмалайтын тарифтерден, тыйымдардан немесе ауқымды мемлекеттік субсидиялардан айырмашылығы, мұндай алаңдар инвесторлардың негізгі мәселелерін нақты әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Арнайы экономикалық аймақтардың басты ерекшелігі – мемлекет нарыққа жасанды түрде араласпайды. Оның орнына дайын инфрақұрылым мен ашық реттеу тетіктерін ұсынып, бизнестің бастапқы кезеңдегі қомақты шығындарын азайтады әрі жаңа зауыттарды іске қосу мерзімін бірнеше жылдан бірнеше айға дейін қысқартады. Нәтижесінде өндірістік кластерлер қалыптасады.

«Бұған Саран қаласындағы өндірістік алаң жарқын мысал бола алады. Мұнда шина мен автобус шығаратын ірі өндірістің айналасында автокомпоненттер өндіретін шағын және орта бизнес кәсіпорындарының тұтас белдеуі қалыптасып келеді. Осындай үдеріс Атырауда мұнай-химия саласының төңірегінде де жүріп жатыр. Ірі кәсіпорынның орналасуы өзімен бірге басқа өндірістерді де тартады. Бүгінде бұл тетіктің тиімділігі "ақылды" преференциялар жүйесіне негізделген. Яғни жеңілдіктердің мерзімі өнімді өңдеу тереңдігіне және енгізілген технологиялардың күрделілігіне байланысты белгіленеді. Бұл тек қарапайым құрастырумен айналысатын жобаларды іріктеп шығаруға мүмкіндік береді», – деді Арман Ахунбаев.

Соның нәтижесінде дайын өнеркәсіптік алаңдар өңірлік экономиканың қуатты мультипликаторына айналып отыр. Бюджеттен салынған әрбір 1 теңге жеке сектордан 4–5 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы орталықтарынан тыс жерлерде жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастырып, Қазақстанның жаһандық өндірістік инвестициялар үшін бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Дегенмен инфрақұрылым мен жеңілдіктер қолайлы инвестициялық ахуал және мемлекеттің болжамды экономикалық саясаты болған жағдайда ғана барынша тиімді нәтиже береді. Ресейлік экономикалық сарапшы Денис Миролюбовтың пікірінше, Қазақстан бұл бағытта дұрыс жолмен келе жатыр.

«Бұл – өнеркәсіптік саясаттың негізгі құралдарының бірі. Инвесторлар дайын инфрақұрылымға, салықтық және әкімшілік жеңілдіктерге ие болады. Соның арқасында жаңа өндірісті іске қосу шығындары азаяды. Инвесторлар мұнда тұрақты жұмыс істеп, пайда табуға болатынын түсінеді. Алайда жеңілдіктердің өзі капиталдың келуіне кепіл бола алмайды. Инвесторлар сонымен бірге заңнаманың тұрақтылығына, білікті кадрлардың қолжетімділігіне, нарық көлеміне және экономикалық саясаттың болжамдылығына да назар аударады. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі тек ұсынылатын жеңілдіктерге ғана емес, елдегі жалпы инвестициялық ахуалға да байланысты. Ал Қазақстанның инвестициялық климаты бүгінде өте тартымды», – деді Денис Миролюбов.

Түптеп келгенде, өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, әлемдік шикізат бағасына тәуелсіз, тұрақты дамуға қабілетті экономиканы қалыптастыру. Сондықтан мемлекет бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және бизнестің ел ішінде жаңа өндірістерге инвестиция салуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отыр.