Freedom Inside '26

«Самұрық-Қазына» Атырау облысында екі жаңа спорт кешенін салады

«Самұрық-Қазына» Атырау облысында екі жаңа спорт кешенін салады
Самұрық-Қазына

Атырау облысында екі жаңа спорт нысаны бой көтереді. Оның бірі – Құлсары қаласында, екіншісі – Атырау қаласында салынады. Екі жобаны да «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатыр. Басты мақсат – өңір тұрғындары үшін спорттың қолжетімділігін арттыру, деп хабарлайды ult.kz.

Құлсарыда жалпы аумағы 1,6 мың шаршы метрді құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі және ұлттық күреспен айналысуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар медициналық кабинет пен жаттығуларды ыңғайлы өткізуге қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Ал Атырау қаласында балалар мен ересектерге, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инклюзивті спорттық-оңалту орталығы салынуда. Жалпы аумағы 3 600 шаршы метр болатын орталықта бассейн, тренажер залы, спорт және жекпе-жек залдары, бейімдеу және оңалту аймақтары, сондай-ақ медициналық кабинет жұмыс істейтін болады.

Фото: Самұрық-Қазына

Бүгінде қордың қолдауымен еліміз бойынша 19 спорт нысаны пайдалануға берілген. Биыл тағы 11 спорт кешенінің құрылысы басталды.

2026 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде қор активтерді басқарумен қатар қоғам үшін маңызды бастамаларды қолдап келеді. 2016 жылдан бері қор компаниялары тобының қайырымдылық бағдарламаларының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» арқылы жалпы құны 120 млрд теңгеден асатын 430-дан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.