Салық тексеруіне шақырса, кәсіпкер не істеуі керек? Заңгер түсіндірді

Салық тексеруіне шақырса, кәсіпкер не істеуі керек? Заңгер түсіндірді
gov.kz

Соңғы апталарда Аудандық Мемлекеттік кірістер басқармалары (МКБ) кәсіпкерлерді тыңдауға шақырып, жоспардан тыс салық тексерулерін тағайындау туралы алдын ала шешімдер шығарып жатыр. Заңгер Ғабитжан Құдайберген мұндай жағдайда кәсіпкерлер нені ескеруі керегін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Заңгердің айтуынша, МКБ-ның әрекеті бұрын берілген камералдық бақылау хабарламасының тиісінше орындалмауына байланысты болуы мүмкін. Кей жағдайларда кәсіпкерлерге салық тексеруін жүргізу туралы дайын нұсқама да беріліп жатыр.

Ғабитжан Құдайберген мұндай құжат алған кәсіпкерлерге бірден барлық сұратылған құжаттарды беруге асықпауға кеңес берді. Оның сөзінше, алдымен салық органының мұндай тексеруді тағайындауға өкілеттігі бар-жоғын анықтау қажет.

Құжаттарды бір күнде талап етуге бола ма?

Заңгердің айтуынша, кейбір жағдайда МКБ кәсіпкерлерден құжаттарды бір күн ішінде ұсынуды талап етеді.

«Салық органдары құжаттарды қысқа мерзімде талап етіп, жасанды түрде асығыстық туғызады», – дейді ол.

Ғабитжан Құдайбергеннің мәліметінше, ресми салық тексеруі кезінде құжаттарды ұсыну үшін заңда кемінде 10 жұмыс күні берілетін жағдайлар бар.

Сондықтан кәсіпкерден құжаттарды бір күн ішінде талап еткен жағдайда, оның қандай құқықтық негізге сүйеніп отырғанын нақтылау маңызды.

Аудандық МКБ-ның тексеру тағайындауға құқығы бар ма?

Заңгер бұл мәселеде 2025 жылғы 31 қазандағы №659 бұйрықпен бекітілген қағидаларға назар аударды.

Оның айтуынша, аталған құжаттың 6-тармағына сәйкес, камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды растауға байланысты тексеру тағайындау туралы шешім қабылдау аудандық МКБ-ның құзыретіне жатпайды.

Заңгердің түсіндіруінше, мұндай шешім қабылдау құқығы Мемлекеттік кірістер департаменттеріне (МКД) берілген.

Осыған байланысты кәсіпкер алдымен тексеру туралы шешімді қай орган шығарғанын және сол органның тиісті өкілеттігі бар-жоғын тексеруі қажет.

Кәсіпкер не істеуі керек?

Ғабитжан Құдайберген мұндай жағдайда бірнеше қадамды ұсынды.

1. Тыңдау кезінде қарсылық білдіру

Егер кәсіпкер тыңдауға шақырылса, салық органының әрекетіне қатысты өз қарсылығын ресми түрде білдіру қажет. Заңгер өз ұстанымын аудиоға жазып, хаттамаға енгізуді сұрауға кеңес береді.

Атап айтқанда, кәсіпкер №659 бұйрыққа сәйкес МКБ-ның тексеру тағайындауға құзыреті бар-жоғын көтере алады.

2. Прокуратураға шағымдану

Егер салық органы кәсіпкердің уәждерін ескермей, қысқа мерзімде құжат талап етіп, тексеруді тағайындауды жалғастырса, заңгер прокуратура органдарына шағым түсіруді ұсынады.

3. Әкімшілік сотқа жүгіну

Егер кәсіпкерге салық тексеруін жүргізу туралы нұсқама беріліп қойса, оны әкімшілік сот тәртібімен даулауға болады.

Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда нұсқаманы шығарған органның өкілеттігі мәселесін сотта көтеру маңызды.