«Сәлемдемеңіз бар»: алаяқтар қазақстандықтарды жаңа тәсілмен алдай бастады

«Сәлемдемеңіз бар»: алаяқтар қазақстандықтарды жаңа тәсілмен алдай бастады
pexels

Қазақстан Ұлттық банкі телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

Алаяқтар алдымен курьер немесе пошта қызметкері ретінде хабарласып, азаматқа сәлемдеме келгенін айтады. Жеткізуді растау сылтауымен SMS арқылы келген кодты сұрап, адамды асықтыруға тырысады.

Кодты алған соң қоңырау шалушы өзін eGov немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтың аккаунты бұзылғанын және жеке деректері қауіпте екенін айтады. Одан әрі «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын немесе жағдайды Ұлттық банктің «қауіпсіздік қызметі» бақылап отырғанын айтып, сенімге кіруге тырысады.

Алаяқтар әңгімені үзбеуді, болған жағдайды ешкімге айтпауды талап етіп, азаматқа психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Негізгі мақсат – оның ақшасы мен деректеріне қол жеткізу.

Ұлттық банк SMS-кодты ешкімге бермеуге және күмәнді қоңырау кезінде әңгімені бірден тоқтатуға шақырды. Қажет болса, тиісті ұйымның ресми нөміріне азаматтың өзі хабарласуы керек.

Ұлттық банк қызметкерлері аудио немесе бейнеқоңырау шалмайды, банк картасының құпия деректері мен парольдерін сұрамайды және халықтан ақша қабылдамайды.