Freedom Inside '26

Сәлемдеме сылтауымен ақша алған: 10 қарияны алдаған ер адам сотталды

Сәлемдеме сылтауымен ақша алған: 10 қарияны алдаған ер адам сотталды
ашық дереккөз

Қарағанды облысының Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы егде жастағы азаматтарға қатысты алаяқтық жасаған азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу және сот материалдарына сәйкес, сотталушы интернет-ресурстар арқылы қарт адамдардың байланыс нөмірлерін анықтап, оларға телефон шалған. Әңгіме барысында өзінің кім екенін айтпай, бейтарап тақырыптан сөз бастап отырған.

Жәбірленушілер қоңырау шалушыны шетелде тұратын туыстарының бірі деп ойлаған. Осы жағдайды пайдаланған алаяқ олардың жаңсақ пікірін әдейі қолдап, сәлемдеме алу немесе басқа да сылтаулармен курьер арқылы ақша беруге көндірген.

Кейін күдікті ақшаны өзі алып кетіп, оқиға орнынан жасырынған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 10 егде жастағы азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген материалдық шығын көлемі 50 мың теңгеден 1 миллион 750 мың теңгеге дейін жеткен.

Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Прокуратура бұл үкім алаяқтық қылмыстары үшін жауапкершіліктің бұлтартпайтынын көрсететінін атап өтті.

Қадағалау органы азаматтарды белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларға сақтықпен қарауға, күмәнді ақпаратты міндетті түрде туыстары арқылы тексеруге және ақша қаражатын бейтаныс адамдарға бермеуге шақырды.