Сайлау-2026: шетелдегі 11 мыңнан астам қазақстандықтың алғашқысы дауыс берді

Сайлау-2026: шетелдегі 11 мыңнан астам қазақстандықтың алғашқысы дауыс берді
Kazinform

Құрылтай депутаттарын сайлауға шетелде жүрген 11 мыңнан астам қазақстандық қатысады. Таңдау жасауға арналған алғашқы сағаттардың өзінде 228 отандасымыз дауыс беріп үлгерген, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, шетелдегі қазақстандықтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруы үшін 61 мемлекетте Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Ондағы тіркелген сайлаушылар саны – 11 402 адам.

— Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 сайлау учаскесі ашылды. Алғаш болып Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз дауыс беруді бастады. Қазіргі уақытқа дейін сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасаған азаматтар саны – 228 адам, — деді Арман Исетов.

Ал ел ішінде сағат 07:00-дегі мәлімет бойынша 10 363 сайлау учаскесі жұмысын бастаған.

Биылғы Құрылтай сайлауында 145 депутаттық мандат сарапқа салынған. Сайлауға жеті саяси партия – «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партиялары қатысып отыр. Олардан барлығы 545 кандидат тіркелген.

Шетелдегі қазақстандықтардың да дауыс беруі – елден жырақта жүрген азаматтардың саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алғанын көрсетеді.