«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, 15 тамызда сағат 08:43-те Астана – Щучинск автожолындағы «Астана» ақы алу пунктіне кіреберісте Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, апатқа ұшыраған, деп хабарлайды ult.kz.
Салдарынан көлік басқарудан шығып, үшінші және төртінші қозғалыс жолақтарының арасындағы жол инфрақұрылымы нысандарына соғылған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші көлікте жалғыз болған және медициналық көмектен бас тартқан.
Соқтығысу салдарынан жол белгісі, жолақтарды бөлетін қорғаныш буфері және бетон блок зақымданған.
Жауапты компания жүргізушілерге жол үстінде ұйқы қысса, қауіпсіз жерге тоқтап, тынығып алу қажет екендігін ескертеді.
«Рөлдегі бірнеше секундтық ұйқы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Шаршау жүргізушінің зейінін төмендетіп, әрекет ету жылдамдығын бәсеңдетеді. Егер жол үстінде ұйқы қысып, көзіңіз ауырлап немесе назарыңыздың төмендегенін сезсеңіз, межелі жерге «аз қалды» деп тәуекел етпеңіз. Қауіпсіз жерге тоқтап, міндетті түрде тынығып алыңыз», - делінген мәліметте.