Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде ішек инфекциясын жұқтырғандар саны 48-ге жетті. Барлық науқас ауруханаға жатқызылған, жағдайлары тұрақты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары мектептің тамақтану блогын тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары бұзылған.
Тексеру барысында «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогына қатысты бес қаулы шығарылған. Олар мектеп пен асхананың қызметін уақытша тоқтатуды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды және қажетті құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды қамтиды.
Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілген. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланған.
Инфекцияның нақты себебін анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар алынып, асхана қызметкерлері тексерілген. Зертханалық зерттеулер әлі жалғасып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, балалардың арасында реанимациялық көмекті қажет ететін науқас жоқ. Тексеру материалдары тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.
Қазір жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Алматыда РФММ мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясымен ауруханаға түсті.