Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Тағы сегіз бала интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқушылар 2026 жылғы 12–13 қазанда Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиға туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Threads желісінде оқушылардың туыстары балалардың ауруханаға түскенін жазып, мектептегі тамақтану сапасына қатысты алаңдаушылық білдірген.
Осы жағдайдан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылған.
Қазір мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алған. Жағдай жауапты қызметтердің бақылауында.