РФММ-де уланған оқушылар саны 51-ге жетті

РФММ-де уланған оқушылар саны 51-ге жетті
almaty.fizmat.kz

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) интернатында ішек инфекциясымен ауруханаға түскен оқушылар саны 51-ге жетті. Бұл туралы балалар омбудсмені Динара Закиева хабарлады.

Ол ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысқан.

«Барлығы 43 ұл және 5 қыз. Жаңа ғана тағы үш бала жеткізілді. Олар РФММ интернатында тұрады, әртүрлі облыстан келген. Жағдайлары тұрақты», – деді балалар омбудсмені.

Еске салайық, оқиғадан кейін интернат пен оның ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тексеруі кезінде азық-түлікті сақтау талаптарының өрескел бұзылғаны анықталған.

Сонымен қатар тамақ жеткізуші «Master Food» ЖШС-нің ас блогынан қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері тәркіленді.

Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, ішек инфекциясымен ауруханаға түскен 51 бала – зардап шеккен оқушылардың жалпы саны емес. Қалған балалар туыстарының үйінде дәрігерлердің бақылауында. 16 қазанға дейін сабақ қашықтан өткізіледі.