Қазақстанда жол жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, прокурорлар республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге арналған жобаларды тексеру кезінде бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін бірқатар кемшілік анықтаған.
Мәселен, «РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент» автожолын орташа жөндеу кезінде кей учаскелердің «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолын реконструкциялау жобасына да кіретіні анықталған.
Осыдан кейін жұмыстардың көлемі қайта қаралып, 7,1 млрд теңге үнемделген.
Тағы бір жағдайда «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолын күрделі жөндеу жобасының сметасында кейбір материалдар мен жұмыстардың бағасы дұрыс көрсетілмеген.
Прокуратураның ұсынуынан кейін сметалық құн қайта есептеліп, жоба бағасы 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендетілген.
Осылайша, прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.
Бас көлік прокуратурасы жол саласындағы бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.