Ресейлік блогер Қазақстан туралы арандатушылық сөздері үшін елден шығарылды

Ресейлік блогер Қазақстан туралы арандатушылық сөздері үшін елден шығарылды
Астана полициясы

Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынған шетелдік блогер елден шығарылды. Астана полициясы оны ұшаққа дейін шығарып салған сәттің видеосын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Полиция мәліметінше, өзін Fasoollka деп таныстыратын стример Қазақстанда тікелей эфирлер жүргізіп, елге қатысты арандатушылық және деструктивті пікірлер айтқан. Ол жекелеген Қазақстан қалаларының аумақтық тиесілігіне және елдің аумақтық тұтастығына күмән келтірген.

Сонымен қатар блогер Қазақстан азаматтары, олардың мәдениеті мен дәстүрлеріне қатысты менсінбейтін стереотиптерді пайдаланған.

Құқық қорғау органдары оның эфирлерін әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықтаған. Сот шешімімен блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ оған Қазақстанға бес жыл бойы кіруге шектеу қойылды.

Полицияның хабарлауынша, қабылданған шаралардан кейін шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылған.