Ресей шекарасы маңында британ министрі мінген ұшақтың GPS сигналы өшіп қалған

Ресей шекарасы маңында британ министрі мінген ұшақтың GPS сигналы өшіп қалған
РИА Новости / Сергей Мамонтов

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили мінген Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналын жоғалтқан. Осы жағдайға байланысты экипаж үш сағатқа созылған ұшу кезінде балама навигациялық жүйені пайдалануға мәжбүр болды, деп ult.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Британдық Press Association агенттігінің мәліметінше, оқиға Джон Хили Эстониядағы британ әскери қызметкерлерімен кездесуден кейін Ұлыбританияға қайтып бара жатқан кезде болған. Бұл жайт туралы алғаш болып The Times басылымы жазды.

Алдын ала ақпаратқа қарағанда, ұшақтың GPS сигналы Ресей шекарасына жақын жерде әдейі бұғатталған болуы мүмкін. Британдық БАҚ бұл жағдайға Ресейдің қатысы болуы ықтимал деген болжам айтуда. Дегенмен Ресей тарапы әзірге бұл мәліметке қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Хабарланғандай, GPS жүйесі бүкіл ұшу барысында қолжетімсіз болған. Сол себепті ұшқыштар әуе кемесін басқару үшін басқа навигациялық құралдарға сүйенген. Алайда Ұлыбритания қорғаныс министрінің дәл осы әрекеттің нысанасы болғаны немесе болмағаны нақты белгісіз.

The Times дерегінше, ұшақтың бағыты әуе кемелерін бақылауға арналған ашық платформаларда көрініп тұрған. Бортта министрден бөлек, фотографтар мен журналист те болған.

Жолаушыларға Dassault Falcon 900LX ұшағының қауіпсіздігіне ешқандай қауіп төнбегені айтылды. Соған қарамастан бұл оқиға Ұлыбританияда алаңдаушылық туғызды.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз жағдайды «Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу» деп сипаттаған. Оның айтуынша, британдық әуе күштері мұндай ықтимал әрекеттерге қарсы тұруға дайын.