Журналист Руслан Өтепбай жылқышы Рахат Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуовпен арнайы кездесіп, қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселелерге қатысты көлемді сұхбат жазғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Журналистің айтуынша, сұхбат барысында Рахат Сәрсеновтің ұзақ жылдар бойғы еңбек жолы, жұмыс берушімен арадағы қарым-қатынасы, сондай-ақ соңғы уақытта қоғам назарын аударған оқиғалар жан-жақты сөз болған.
Руслан Өтепбайдың айтуынша, әңгіме соңында ол Тәжіғали Елеуовке ел азаматтарының қолдауының арқасында Рахат Сәрсеновтің отбасы баспаналы болғанын жеткізген. Алайда кәсіпкер бұл сөзге күтпеген жауап қайтарып, жұртшылықтың назарын аударған мәлімдеме жасаған.
«Рахат Сәрсеновтің отбасы баспаналы болды» дегенімде, ол: «Ол менің ақшама алынған үй», – деп жауап берді», – дейді Руслан Өтепбай.
Бұл мәлімдемеден кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды. Желі қолданушылары кәсіпкердің бұл сөзінің астарында не жатқанын талқылап, оқиғаның толық мән-жайын білгісі келетінін жазуда.