Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Қытайды зерттеу орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған қазақстандық-қытайлық мемлекеттік басқару тәжірибесімен алмасу семинары өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сарапшылық қауымдастықтың, ғылыми ортаның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинар барысында Қытай Коммунистік партиясының ғасырдан асқан даму жолы, елдің мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудағы рөлі, жүргізілген реформалардың негізгі нәтижелері мен заманауи басқару тәжірибесі талқыланды.
Сондай-ақ қатысушылар Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік басқарудағы тиімді тәжірибелері, Қытай Коммунистік партиясының алдында тұрған жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер, сондай-ақ Қытайдың әлемдегі бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі жөнінде пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер Қазақстан мен Қытай арасындағы сарапшылық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және екіжақты диалогты дамытуға мүмкіндік береді.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Қытай Коммунистік партиясының басты мақсаты халықтың игілігіне қызмет ету екенін атап өтті.
«Қытай Коммунистік партиясы әрдайым халықтың мүддесін бәрінен жоғары қойып келеді. Халықтың жақсы өмір сүруге деген ұмтылысы – біздің басты мақсатымыз. Партияның жетекшілігімен елде бұрын-соңды болмаған ауқымды кедейлікті жою науқаны жүзеге асырылып, абсолютті кедейлік толықтай еңсерілді. Бұл Қытайдың даму жолындағы маңызды тарихи жетістіктердің бірі болды», – деді елші.
Сонымен қатар ол Қытайдың бейбіт даму бағытын ұстанатынын айтып, Қазақстанмен жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
«Қытай мен Қазақстан – тағдыры ортақ, тату көрші, сенімді серіктес әрі адал бауырлас мемлекеттер. Қытай тарапы саяси өзара сенімді нығайтып, сауда, инвестиция, энергетика, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын», – деді Хань Чуньлинь.
«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Дәния Еспаева Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығымен құттықтап, оларға алдына қойған мақсатқа жете беруге тілектестік білдірді. Сонымен қатар оның сөзінше ғасырлық тарихында Қытай Халық Республикасы ауқымды өзгерістерді іске асырып, әлеуметтік-экономикалық дамуының тұғырын мықтап қалыптастырды.
«Бүгінде Қытай әлемдегі алдыңғы қатардағы державалардың бірі. Ал оның мемлекетті басқарудағы, экономикадағы, ғылым және технологиядағы жеткен жетістіктері әлемде лайықты құрмет пен қызығушылықты тудырып отыр. Соңғы он жылдықта Қытай әлемдік экономика мен халықаралық саясаттың ең маңызды орталығына айналып, әлеуметтік-экономикалық дамудың үлкен көрсеткішін көрсетті. Бұл жетістіктер мемлекеттік саясаттың бірізділігі және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесінің арқасында жүзеге асып отыр», – деген Дәния Еспаева Қазақстан үшін Қытай тек сенімді көрші ғана емес, стратегиялық серіктес екенін де айтып өтті.
Оның айтуынша екі елді өзара сыйластық пен сенімге негізделген мәңгі жанжақты стратегиялық серіктестік байланыстырады.
«Біздің елдердің Басшылары арқасында Қазақстан мен Қытай қарым қатынасы барлық маңызды бағыттарда жоғары деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуды жалғастырып келеді», – деді Дәния Еспаева.
Іс-шара барысында Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына байланысты арнайы дайындалған фильм көрсетілді.

Семинар аясында қатысушылар Қытай Коммунистік партиясының ғасырлық даму жолы мен негізгі жетістіктерін, мемлекеттік басқарудағы тәжірибесін, қазіргі кезеңдегі алдында тұрған мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді талқылады. Сонымен қатар Қытайдың әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға және жаһандық тұрақты дамуға қосып отырған үлесі жөнінде пікір алмасты.