Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Усеновтың ұлы Урмат Усенов Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Kaktus Media басылымы мәлімдеді. Урмат Усенов заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру ісі бойынша күдікті ретінде тергеліп жатыр. Іс бойынша Қырғызстанның тағы екі азаматы мен Қазақстанның бір азаматы да жауапқа тартылуда.
Тергеу деректеріне сәйкес, келтірілген шығын көлемі 26 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, құны 46 миллион теңгеден асатын 1,6 тоннадан астам кальян темекісі тәркіленген.
10 наурызда Алматы соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берген.
Айта кетейік, Данияр Усенов 2009-2010 жылдары Қырғызстанның премьер-министрі қызметін атқарған. Кейін Беларуське қоныс аударып, Даниил Урицкий есімін алған. Қырғызстанда ол бейбіт тұрғындарды жаппай ату оқиғасын ұйымдастырды деген айыппен сырттай 15 жылға сотталған.