Қылмыстық топтардың 50-ден астам мүшесі ұсталды

Қылмыстық топтардың 50-ден астам мүшесі ұсталды
Polisia.kz

Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетіне қатысты 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару мен оқ-дәрілер тәркіленген. Сонымен қатар полицейлер азаматтарға тиесілі 77 млн теңгеден астам қаражаттың заңсыз иемденілуіне жол бермеді, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ауыр қылмыстардың алдын алып, қылмыстық топтардың әрекетін тоқтатуға бағытталған жедел іс-шараларды күшейткен.

Қыркүйек айында Астана, Өскемен қалалары мен Алматы облысында 40 млн теңге талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған. Арасында адам өлтіргені үшін жазасын өтегендер де бар.

Тінту кезінде күдіктілерден атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік тәркіленді.

Осындай жедел іс-шаралар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді.

Қазір қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, жауапқа тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, негізгі мақсат – қылмыстық топтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың жаңа қылмыс жасауына жол бермеу.

«Заң мен тәртіп» қағидаты кінәлілерді жауапқа тартумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Айта кетейік, биыл елімізде қылмыстың жалпы деңгейі 10 пайызға төмендеген.