«Құжаттары тәркіленді»: ШҚО тұрғыны шетел азаматтығын жасырғаны үшін жауапқа тартылды

«Құжаттары тәркіленді»: ШҚО тұрғыны шетел азаматтығын жасырғаны үшін жауапқа тартылды
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтық фактілерін анықтау бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде 6 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.

ШҚО полиция департаментінің көші-қон қызметі жыл басынан бері Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан 450-ден астам адамның дерегін тіркеген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттің азаматтығын алған.

Заң талаптарын бұзғаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 24 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, ал 7 адам Қазақстан азаматтығын жоғалтқаннан кейін ел құжаттарын заңсыз пайдаланған.

Сот шешімімен 6 шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылды.

Анықталған жағдайлардың бірі Өскемен қаласының 43 жастағы тұрғынына қатысты болған. Ол 2024 жылдың қазан айында өзге мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы ішкі істер органдарына уақытында хабарламаған. Соның салдарынан оның Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқаны тіркеліп, ел құжаттары тәркіленген.

Полиция шетел азаматтығын алған Қазақстан азаматтары бұл туралы 30 күн ішінде ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттарын тапсыруға міндетті екенін еске салады.

Талаптарды орындамаған азаматтарға заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.