Құрылтай сайлауында 15 заңбұзушылық анықталды: прокуратура мәліметін жариялады

Құрылтай сайлауында 15 заңбұзушылық анықталды: прокуратура мәліметін жариялады
ашық дереккөз

2026 жылғы Құрылтай депутаттарын сайлау барысында әкімшілік құқық бұзушылықтың екі құрамы бойынша 15 дерек анықталған. Бұл 2023 жылғы сайлаумен салыстырғанда бірнеше есе аз, деп хабарлайды ult.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Прокуратура мәліметінше, сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына бақылау жүргізілген. Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу, үгіт жүргізу және дауыс беру процестері заң талаптарына сәйкес өткен.

Анықталған 15 заңбұзушылықтың:

  • 3-еуі – заңсыз сауал салу;
  • 12-сі – үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу фактілері.

Сонымен қатар сайлау комиссиялары тарапынан бюллетеньдерді заңсыз беру, басқа адамдар үшін дауыс беру немесе бюллетеньдерді тастау сияқты фактілер тіркелмеген.

Аккредиттелген байқаушылар мен БАҚ өкілдерімен жанжалдар, оларды сайлау учаскелерінен шығару және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу жағдайлары да болмаған.

Салыстыру үшін: 2023 жылғы сайлау кезінде сайлау заңнамасын бұзудың 69 фактісі анықталған. Ол кезде әкімшілік құқық бұзушылықтың 8 құрамы бойынша істер тіркелген.

Биылғы сайлау кезеңінде прокурорларға 12 өтініш түскен. Олардың барлығы партиялық тізімдерді тіркеу және үгіт жүргізу мәселелеріне қатысты болған. Өтініштердің әрқайсысына түсіндірме сипатындағы жауап берілген.

Ал 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде прокуратура органдары 113 өтініш пен шағымды қараған. Бұл биылғы көрсеткіштен шамамен 9 есе көп.

Сондай-ақ 2023 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидаттар соттарға 82 талап арыз берген. Ал биыл партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың сотқа жүгіну фактісі тіркелмеген.

Бас прокуратура бұл көрсеткіштер сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артқанын және сайлау барысында түсіндіру әрі профилактикалық жұмыстардың тиімді болғанын көрсететінін атап өтті.