Ресейдің Екатеринбург қаласында құны шамамен 30 миллион рубль, яғни шамамен 170 млн теңге болатын Lamborghini спорткары ғимаратқа соғылып, екі жаяу жүргінші зардап шекті, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға кезінде күлгін түсті спорткар «Монетка» дүкенінің ғимаратына соғылған. Жергілікті тұрғындар бұл көлікті қала көшелерінде жиі жүретіндіктен, «қаланың көркі» деп атап кеткен.
Жол-көлік оқиғасынан дүкеннің кіреберісінде тұрған екі ер адам жарақат алған. Олардың бірі жақында соғыстан оралған балдақпен жүрген ер адам. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көлік жүргізушісі жол апатынан аман қалған.
BAZA мәліметінше, Lamborghini тізгінінде жергілікті миллиардерлердің бірінің ұлы болуы мүмкін.
Куәгерлердің айтуынша, спорткарды күзетшілері бар қара түсті жол талғамайтын көлік сүйемелдеп жүрген. Апаттан кейін күзет қызметкерлері бүлінген Lamborghini көлігін мата жауып қойған.
Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.