Құдықтағы қасірет: Шымкентте екі жұмысшы көз жұмды

Құдықтағы қасірет: Шымкентте екі жұмысшы көз жұмды
Ашық дереккөзден

Шымкентте құбыр төсеу кезінде екі жұмысшы құдық ішінде уланып, қаза тапты. Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 20-22 жастағы екі жұмысшы құдыққа түсіп, ауа құрамындағы зиянды заттан уланған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмған.

Шымкент қаласының полиция департаменті қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатқанын хабарлады.

«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Тергеу барысына қатысты өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте 2026 жылдың алғашқы алты айында өндірісте 17 жазатайым оқиға тіркеліп, үш адам қаза тауып, 14 адам ауыр жарақат алғаны хабарланған.

Сондай-ақ қалада 13 жастағы жасөспірімнің даяшы болып жұмыс істеп жүріп қаза тапқаны туралы ақпарат тараған.