Қостанайда келінін қорлаған енесі мен қайын сіңлісіне қатысты тың дерек шықты

Қостанайда келінін қорлаған енесі мен қайын сіңлісіне қатысты тың дерек шықты
Коллаж: әлеуметтік желі

Қостанайда әйелге енесі мен қайын сіңлісі шабуыл жасап, жанжал кезінде оның үйінің терезелері сындырылған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.

Әйелдің айтуынша, жанжал үйінің сыртына кір жайып қойғаннан кейін басталған. Осыдан соң туыстар арасында жанжал туып, жағдай төбелеске ұласқан.

Оқиға орнына жергілікті полиция инспекторы дереу барған. Полицияның мәліметінше, жанжал барысында келіні тұрып жатқан үйдің терезелерін үй иесінің қызы сындырғаны анықталған.

«Дау кезінде келіні тұрған үйдің терезелерін үй иесінің қызы сындырғаны анықталды. Екі әйелге де дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық істер қозғалды. Дауласушы тараптардың әрқайсысының әрекеттері заңды түрде бағаланады», – деп хабарлады полиция.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық істер аясында жанжалға қатысқан әйелдердің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Полиция тергеу нәтижесінде кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі заң аясында қаралатынын мәлімдеді.