Қостанайда белгісіз біреулер жергілікті балалар мен жасөспірімдердің суреттерін Telegram-арнаға жариялап, оларды қорлап, жазбаларды өшіру үшін ақша талап еткен. Ата-аналар полициядан кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, мәселе «Позор Костаная» деп аталатын Telegram-арнаға қатысты. Онда балалар мен жасөспірімдердің суреттері жарияланып, ар-намысына тиетін жазбалар жазылған.
Ата-аналардың айтуынша, кей қыздардан жарияланымдарды өшіру үшін ақша сұралған.
«Балаларымызды Telegram-арналарға шығарып жатыр. Қыздардан ақша сұраған. Жарияланымдарды өшіру үшін ақша талап еткен», – дейді ата-аналардың бірі.
Тұрғындардың сөзінше, арнадағы жазбаларды өшірудің екі шарты қойылған. Біріншісі – аты аталған бала тағы бес бала туралы осындай материал жіберуі керек. Екіншісі – ақша төлеу.
Кей жағдайда ақша төлеген адамға жарияланымды жіберген адамның жеке деректерін беруге уәде етілген.
Ата-аналар бұл әрекетті ашық түрде ақша бопсалау деп бағалап, арна әкімшілерін анықтап, жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, мұндай жазбалардан көптеген бала зардап шеккен.
Полиция бұл жағдайдан хабардар. Қазір оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.
Қостанай қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Қайрат Дәуренбековтің айтуынша, құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинап жатыр.
«Қызметкерлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажет материалдарды жинап, тіркеп жатыр. Сонымен қатар аталған материалдарды жариялауға қатысы бар адамдар анықталуда. Осыдан кейін олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Қайрат Дәуренбеков.
Ата-аналардың айтуынша, Telegram-арнаға жазылушылар саны да артып келеді. Қазір оның аудиториясы 2 мың адамнан асқан.