Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды. Прокуратура таратқан ресми мәліметтерге сәйкес, лауазымды тұлға ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша негізгі тергеу амалдарын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері жүргізуде, деп хабарлайды ult.kz. Qaz365.kz порталына сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасы бойынша, білім бөлімінің лауазымды тұлғалары басқа да сыбайлас қатысушылармен алдын ала сөз байласып, қала мектептеріне мақсатты түрде бөлінген бюджет қаражатын жымқырған болуы мүмкін. Қылмыстық іс аясында күдіктілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты үйлерінде шұғыл тінту шаралары жүргізілді. Тінту амалдары өткен күні білім бөлімінің басшысы ресми түрде тұтқындалды.
Айта кетейік, Гүлсім Оразбаева ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол еңбек жолын қарапайым мектеп мұғалімі болып бастап, кейіннен қалалық білім бөліміне жұмысқа ауысқан, ал соңғы жылдары аталған мекеменің бірінші жетекшісі лауазымын атқарып келді.