Ақмола облысындағы Қосшы қаласында 10 жастағы баланың суға батып кетуіне байланысты қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды ult.kz.
Мәліметке сәйкес, оқиға Нұра–Есіл каналында, шомылуға арналмаған аумақта болған. Бала суға түсіп, көз жұмған. Оның денесін жедел-құтқару жасағының қызметкерлері судан алып шықты.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Ал Зеренді ауданында құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында тағы бір қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Іздестіру жұмыстары барысында есепте тұрған бала дер кезінде табылып, аман-есен жақындарына тапсырылған.
ТЖД мамандары жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Құтқарушылар ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуды қатаң ескертті.