Қордайда миллиондаған теңгенің малын ұрлаған күдікті анықталды

Қордайда миллиондаған теңгенің малын ұрлаған күдікті анықталды
Polisia.kz

Жамбыл облысының Қордай ауданында құны 8,5 миллион теңгеден асатын малды ұрлады деген күдікпен бір адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Қордай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, жазғы жайылымға шығар алдында малын түгендеу кезінде 51 қой мен 27 қозының жоғалғаны анықталған. Келтірілген материалдық шығын 8,5 миллион теңгеден асқан.

Жәбірленуші жоғалған малды алдымен өз күшімен іздеп көргенімен, нәтиже шықпаған соң полициядан көмек сұраған.

Аталған дерек бойынша мал ұрлығы фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде ұрланған малдың бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды.

Осыған байланысты полиция мал иелеріне қора-жайлардың қауіпсіздігін күшейтіп, жануарларды міндетті түрде сырғалап, сәйкестендіру құралдарын пайдалануға және мал жоғалған жағдайда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.