«Қордайда» 350 мың долларды жасырын алып өтпек болған шетелдік ұсталды

«Қордайда» 350 мың долларды жасырын алып өтпек болған шетелдік ұсталды
ҰҚК

Жамбыл облысындағы «Қордай» автокөліктік шекаралық бақылау бөлімінде шетел азаматының жүгінен декларацияланбаған 350 мың АҚШ доллары табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше, аталған қаражатты мемлекеттік шекара арқылы заңсыз алып өтпек болған. Тексеру барысында анықталған 350 мың АҚШ долларының жалпы құны шамамен 170 млн теңгені құрайды.

ҰҚК Шекара қызметі елден қолма-қол ақшаны заңсыз шығаруға тосқауыл қою бағытында тұрақты бақылау жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде биылғы 30 маусым мен 7 шілде аралығында Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерінде осындай 38 құқық бұзушылық дерегі тіркелген.

Осы кезеңде жалпы құны 636 миллион теңгеден асатын декларацияланбаған шетел валютасы анықталған.

«Аталған дерек бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды», – деп мәлімдеді ҰҚК Шекара қызметі.

Ведомство өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан аумағынан баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшаны декларациясыз алып шығуға тыйым салынатынын тағы бір мәрте еске салды.