Freedom Inside '26

Қоғамдық белсенділіктің жаңа деңгейі –  «Заң және тәртіп»

Қоғамдық белсенділіктің жаңа деңгейі –  «Заң және тәртіп»
instagram.com/advokat_kuat

Азаматтық қоғам – мемлекет пен халық арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген маңызды институттардың бірі. Қоғамның тұрақты дамуы мен елдің болашағы ең алдымен белсенді, білімді әрі жауапкершілігі жоғары жастарға байланысты. Бүгінде Қазақстанда жастардың қоғамдық бастамаларға араласуына, еріктілік қызметпен айналысуына, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына барлық жағдай жасалып келеді. «Заң және тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың заңды құрметтеуі, қоғамдық тәртіпті сақтауы және өзгелердің құқығына құрметпен қарауы деген сөз. Осы орайда заңгер Қуат Ауғанбекпен сұқбаттастық. 

– «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мәні неде және оның қоғам
үшін маңызы қандай?

– «Заң және тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекеттің басты негіздерінің бірі. Оның мәні – барлық азаматтардың, мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай сақтауы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Республика аумағында тікелей қолданылады. Ал Конституцияның 34-бабында әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті екені белгіленген.

Бұл қағидат қоғамда тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді. Заң үстемдік еткен мемлекетте әділдік орнығып, мемлекеттік институттарға деген сенім артады, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмендейді және елдің тұрақты дамуына қолайлы жағдай қалыптасады.

– Бұл қағидатты жүзеге асыру бағытында Қазақстанда қандай негізгі өзгерістер қолға алынып жатыр?

– Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Ең алдымен, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру және олардың ашықтығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күшейтіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына басымдық берілуде. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою жүйесі дамып келеді. Мемлекет құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңнаманы жетілдіруге және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді саясат жүргізуде.

– Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен заңға бағыну мәдениетін арттыру үшін не істеу қажет?

– Құқықтық сауаттылықты арттыру ең алдымен білім беру жүйесінен басталуы тиіс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқық негіздерін тереңдетіп оқыту, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін кеңінен түсіндіру маңызды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформалар арқылы құқықтық ағарту жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет.
Әрбір азамат өз құқықтарымен қатар міндеттерін де білуі тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын, әкімшілік және қылмыстық заңнаманың негізгі нормаларын білу құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, тегін заң көмегінің қолжетімділігі және құқықтық кеңес беру қызметтерінің дамуы да құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бағыттары болып табылады.

– Қазіргі таңда қоғамда жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың алдын алуда қандай тетіктер тиімді?

– Құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактикалық жұмыстар ерекше рөл атқарады. Ең тиімді тетіктердің бірі – халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және жастардың құқықтық тәрбиесіне көңіл бөлу. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін енгізу, цифрлық бақылау құралдарын пайдалану, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру және учаскелік полиция қызметін жетілдіру де оң нәтиже береді.

Отбасы институтын нығайту, білім беру ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды орын алады. Сондай-ақ заң бұзушылық жасаған тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармауы заңның бұлжымай орындалуына деген сенімді күшейтеді.

– Заңның үстемдігін қамтамасыз етуде мемлекет пен азаматтардың жауапкершілігі қалай үйлесуі керек?

– Заңның үстемдігі мемлекет пен азаматтардың өзара жауапкершілігіне негізделеді. Мемлекет Конституция мен заңдардың орындалуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға және заң алдында бәрінің теңдігін сақтауға міндетті.

Өз кезегінде азаматтар заң талаптарын орындауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын құрметтеуге және заңды жолмен өз құқықтарын қорғауға міндетті. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім заңның әділ әрі бірдей қолданылуына, сондай-ақ әр азаматтың құқықтық жауапкершілікті сезінуіне байланысты қалыптасады.

– «Заң және тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде ұстану үшін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, әр азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын құрметтеп, оларды сақтауды өзінің азаматтық борышы деп қабылдауы қажет. Қандай жағдай болмасын мәселелерді заң аясында шешуге ұмтылып, құқық бұзушылыққа жол бермеу маңызды.

Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін сақтау, салық және басқа да заңды міндеттемелерді уақытылы орындау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, жемқорлыққа төзбеушілік таныту және құқықтары бұзылған жағдайда заңды тәсілдер арқылы қорғану – заңға бағыну мәдениетінің көрінісі. Құқықтық сауаттылықты үнемі жетілдіріп отыру, заңдағы өзгерістерді қадағалау және өзгелердің құқықтарын құрметтеу – құқықтық мемлекет құруға әрбір азаматтың қосатын нақты үлесі.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Ақбота Мұсабекқызы