Алматыда өзін қоғам белсендісі ретінде таныстырып, кәсіпкерлерден ақша талап етті деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше кәсіпкер полицияға белгісіз ер адамның ақша талап еткені туралы арызданған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті өзін қоғам белсендісі ретінде таныстырып, кәсіпкерлерден жүйелі түрде ақша сұраған. Ол мемлекеттік органдарға шағым түсіріп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып қорқытқан.
Полиция оның әрекетінен осындай жағдайға тап болған бірнеше адамды анықтаған.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, дәлелдер жинақталуда.
Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев осындай жағдайға тап болған немесе күдіктінің әрекеті туралы ақпараты бар азаматтарды полицияға хабарласуға шақырды.